Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Денсаулық сақтау министрлігі жүктелген функциялар шеңберінде білім беру ұйымдарында санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер талаптарының сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады. 2025 жылы барлығы 191 мектеп, оның ішінде 54 ас блогы тексерілді. Тексерулер саны 23 есеге азайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткен оқу жылында тексерулер прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша жоспардан тыс тәртіппен жүргізілді", - деді Ақмарал Әлназарова.
Анықталған жүйелік бұзушылықтар: апаттық жағдайдағы ғимараттар; санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы; мектептердің шамадан тыс жүктемесі; санитариялық-техникалық жағдайлардың нашарлығы және т.б.
Тексеру нәтижесі бойынша 150 ұйғарым берілді, 12 млн теңгеден астам (12 779 000 теңге) сомаға айыппұл салынды, 31 адам жұмыстан шеттетілді, 6 іс сотқа берілді.
"Маңғыстау облысындағы тамақтан улану оқиғалары ерекше алаңдаушылық тудыртады. Бұл тәсілдерді реформалау қажеттілігін көрсетіп отыр. Балалар болатын объектілердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын балалар объектілерін мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі жаңа тәсілдерді әзірледі", - деді ДСМ басшысы.
Енгізілетін негізгі түзетулер:
- балалар болатын объектілер үшін ерекше мәртебе беру;
- объектідегі қазіргі жағдайды дұрыс бағалау үшін алдағы тексерулер туралы алдын ала хабарламаны алып тастау;
- объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу.