Маңғыстауда оқушыны аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

216

Маңғыстау облысында екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны ұялы телефонға түсіріп алған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Маңғыстауда оқушыны аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды Фото: school.synergy.ru

Жәбірленушінің әпкесінің сөзінше, інісі таңертең дүкенге шыққан кезде оны шамамен 16–17 жастағы екі жасөспірім күтіп тұрған. Олар баладан танысын телефон арқылы сыртқа шақыруды талап еткен. Алайда шақырылған жасөспірім шығудан бас тартқан соң, күдіктілер мектеп оқушысына жабылып, аяусыз соққыға жыққан. Болған жайтты олар бейнежазбаға түсіріп отырған.

Оқиғадан кейін зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, 14 жастағы жасөспірім жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Сонымен қатар оның бет аймағында теріасты гематомалары анықталған.

"Науқас нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Қажетті тексерулер толық жүргізілді. Компьютерлік томография нәтижесінде бас миында органикалық зақым анықталған жоқ. Қазіргі уақытта бала тиісті ем қабылдап, дәрігерлердің тұрақты бақылауында", – деп хабарлады басқарма.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша адамдар тобы жасаған бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірім анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылып, материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған.

Полиция өкілдері адамдар тобы жасаған бұзақылық Қазақстан заңнамасы бойынша ауыр қылмыс санатына жататынын және мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу