Маңғыстауда полиция қызметкері жүргізуші куәлігіне 240 мың теңге пара алып сотталды

301

Апелляциялық шағым үкімді өзгертті.

Маңғыстауда полиция қызметкері жүргізуші куәлігіне 240 мың теңге пара алып сотталды Фото: Tumba.kz

Сот полиция қызметкеріне бес жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, бір жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ, оны "полиция аға лейтенанты" шенінен айырды. Сотталушы құқық қорғау органдарының өкілі бола отырып, жергілікті азаматқа жүргізуші куәлігін заңсыз бергені үшін банктегі есепшотына 240 мың теңге аудартқан.

Бұған дейін Мұнайлы аудандық соты ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындаған болатын. Алайда апелляциялық шағым үкімді өзгертті. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша істі қайта қарады және сот актісін өзгерту қажет деп тапты.

 "Үкім шығарған сот іс бойынша анықталған дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, жиналған дәлелдемелерге тиісті баға берді. Тағайындалған жазаның мөлшері, Қылмыстық кодекстің талаптарына сәйкес келеді.

Алайда, бірінші сатыдағы сот сотталған адамды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындау кезінде ҚР ҚК-нің 50-бабының талаптарын бұзды. Себебі сотталған адам сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылмаған, сондықтан қосымша жаза ҚК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге тағайындалуға және үкімде айналысуға болмайтын қызмет түрі нақты көрсетілуге тиіс.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот сотталушыны "полиция аға лейтенанты" шенінен айырудың орнына арнайы атағынан айырды. Сондықтан, Маңғыстау облыстық соты жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, айыпталушыға қатысты мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жазаның күшін жойып, оған құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан бес жыл мерзімге айыру түріндегі жазаны тағайындап, "полиция аға лейтенанты" сыныптық шенінен айырды. Үкімнің тағы бір бөлігі өзгеріссіз қалды", -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.          

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу