Жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-ге дейін облыс тұрғындары Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатыса алады. Уақыт айырмашылығына байланысты өңірде дауыс беру Астанадан бір сағат кеш басталды.
Сайлау күні дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды. Таңертеңгі сағат 7.00-де сайлау учаскелері ашылды, алғашқы сайлаушыларға бағалы сыйлықтар дайындалды.
Облыста барлығы 8 аумақтық сайлау комиссиясы және 243 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында 83 сайлау учаскесі орналасқан.
Сайлау комиссияларының құрамына 1765 адам тартылған. Облыс бойынша сайлаушылар саны 411 103 адамды құрайды.
Сайлау учаскелерінде президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті керек-жарақтармен жабдықталған арнайы кабиналар дайындалды.
Сайлаушылар өздерінің учаскелік мекен-жайын бірнеше нұсқаумен таба алады.
Біріншіден, сайлау учаскелерін "ЖСН бойынша сайлау учаскесін іздеу" ақпараттық сервисі арқылы, сондай-ақ байланыс операторлары SMS-хабарлама арқылы алынған "109" байланыс орталығының қысқа нөмірі бойынша білуге болады.
Екіншіден, бұл ақпаратты учаскелік сайлау комиссиясынан мекен-жайыңызды көрсету арқылы білуге болады.
Үшіншіден, Kaspi.kz және Halyk қосымшаларынан білуге болады.