Маңғыстауда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтіліп жатыр

385

Биыл шегіртке зиянкестерінің көбеюіне жауын-шашынның жиі түсуі мен ауа райының қолайлы болуы әсер еткен.

Маңғыстауда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтіліп жатыр Фото: ЖИ

Аймақта шегірткелердің көбеюіне байланысты химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін, әлеуметтік желілерде тұрғындар шегірткенің қаптап кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жолдас Сағынғалидың айтуынша, биыл шегіртке зиянкестерінің көбеюіне жауын-шашынның жиі түсуі мен ауа райының қолайлы болуы әсер еткен.

"Қазіргі уақытта инспекция қызметкерлері мен әдістемелік орталық өкілдері бірлесіп, тұрақты мониторинг және тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу барысында зиянкестер таралған аумақтар мен экономикалық зияндылық шегі асқан жерлер анықталып жатыр. Анықталған аумақтар бойынша мәліметтер жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсетуші ұйымдарға жолданады. Ал шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын мердігер мекеме жүргізіп жатыр", – дейді Жолдас Сағынғали.

Инспекцияның мәліметінше, бекітілген жоспарға сәйкес биыл шегірткеге қарсы 11,1 мың гектар жерді өңдеу көзделген. Оның ішінде Бейнеу ауданында – 9,1 мың гектар, Маңғыстау ауданында – 2 мың гектар аумақ қамтылады.

Қазіргі уақытта Бейнеу ауданында 4,3 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Сондай-ақ зиянкестердің таралуын шектеу мақсатында Тұщықұдық ауылдық округінің аумағында да өңдеу жұмыстары жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу