Маңғыстау облысында оң жаңалық: соңғы бір апта ішінде аймақта бір де бір коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ.
"Соңғы жеті күнде жаңадан коронавирус жағдайы тіркелген жоқ. Облыста 27 наурыз бен 7 қыркүйек аралығында 3334 "COVID-19" вирусын жұқтырды, оның ішінде 1140 шағымы бар, 2194 шағымсыз науқас анықталды", – дейді Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев.
Белгілі болғандай, облыста вирус жұқтырғандардың ішінде 74 медицина қызметкері, 9 мүгедек кісі, 261 зейнеткер, 42 оқушы болған. Бұдан бөлек, "Теңізшевройл" мекемесінде жасайтын 35, кеніште тамақтандыру қызметін көрсететін "Каспиан Фуд" мекемесінің 9 адамы да ауырып шыққан.
Дегенмен, "сақтықта қорлық жоқ" деген облыс басшылығы босаңсып кетпей, жұқпалы ауру қайта білінген жағдайда сақадай сақ отырмақ. Осы мақсатта, Ақтау қаласында екі жүз төсек орындық тез құрастырмалы модульдік инфекциялық аурухана салынып жатыр. Ол қазан айында ашылмақ. Сондай-ақ, облыста эпидемиологиялық ахуалға сәйкес 170 адамға арналған 9 инфекциялық стационар бар. Резервтегі 11 инфекциялық стационарда 1835 төсек орын дайын тұр.
"Кадр резерві де жасақталған. Қазіргі уақытта 183 дәрігер дайындап отырмыз, бірақ, әлі 75 дәрігерге қажеттілік бар", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.
Қазіргі күні Маңғыстау облысының емдеу мекемелері 15 қыркүйектен басталатын тұмауға қарсы екпе шараларына әзірленуде. Оған сәйкес, тұрғындардың емханаға келіп-кету уақытын дәрігерлердің өздері реттейді, бұл пациенттердің ағылып келуінің алдын алып, адамдардың көп жиналуына жол бермеу үшін қажет болып отыр.
Құралай Қуатова