Маңғыстауда спорт саласынан шу шықты

393

Балалар мен бапкерлерді басқа спорт мектептеріне ауыстырмақ.

Маңғыстауда спорт саласынан шу шықты   Фото: Inbusiness.kz

Ақтаудағы бірнеше спорт мектебінің дзюдо, каратэ, қазақша күрес үйірмелеріне тегін баратын балалардың ата-аналары наразылық білдірді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Спорт басқармасына жиналғандар балалар мен бапкерлерді басқа спорт мектептеріне ауыстыруға қарсы. Басқарма "Маңғыстау арена" спорт кешенінде жаттығатын жас дзюдошыларды "Жас батыр", "Қарагөз", "Т. Жолдыбаев дзюдо орталығы" мектептеріне ауыстырып жатыр.

Видеодан скриншот

"Толқын" спорт мектебінің спортшыларын да әр спорт түрі бойынша түрлі мектепке бөліп тастаған. Ал жас спортшыларды өзге залға ауыстырса, қаланың екінші басына қатынау қиынға соғады дейді жұрт. Оның үстіне жолдың алыстығы оқу мен спортты қатар алып жүруге кедергі келтіретінін айтады.

"Бапкеріміз бұрынғы спорт мектебінде қалып кетейін деп тұр. Ал балам "мен бапкерсіз бармаймын" дейді. Ұлым бұған дейін республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі болып жүрген еді. Баланың енді жанайын деп тұрған бағын байлап тұр. Баламды басқа спорт мектебіне ауыстырса, балаларда бәсекелестік болмайды. Ол жерде бұрыннан жаттығатын балалар онсыз да көп. Ал жарыстарға көбіне соларды жіберуі мүмкін. Ал қазір "Маңғыстау аренада" каратэ үйірмесіне баратындардың саны 25-тен көп. Мына хабардан кейін соның жартысы каратэні тастаймыз деп отыр. Оның ішінде қанша әлем чемпиондары бар", - дейді қала тұрғыны Камила Ахметова.      

Бапкерлердің өздері де басқа спорт кешеніне баруға құлықсыз. Облыстық спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша, Маңғыстау облысының спорты қазір өте қиын жағдайда тұр. Спорттық жетістіктер жылдан-жылға төмендеп барады екен. Мәселен "Теннис" орталығында теннистен бөлек басқа спорт түрлерінен үйірме ашылған. Бұл мектептердегі негізгі спорт түрін дамытуға кедергі келтіріп отыр.        

"Спорт мектептеріне бөлінген қаржының дені сол мектептің негізгі бағытындағы спорт түріне емес, қосымша қосылған спорт түріне қарай ығысып кетіп жатыр. Бізде әр спорт түрі бойынша мамандандырылған мектептер бар. Сондықтан бапкерлердің барлығын нақты бағыты бар спорт мектептеріне көшіргіміз келеді. Себебі: өңірдегі бәсекелестікті қалыптастырады. Спорт деңгейін көтеру үшін жүйеге осындай реформа жасаймыз", - деді Мақсат Мұқаш.

Видеодан скриншот

Енді балалар мен бапкерлерді спорт түріне байланысты мектептерге тіркейді. Ал жаттығу жасайтын зал өзгермейді. Мәселен, "Жас батыр" спорт мектебіне құжат бойынша ауыстырылған бапкерлер мен балаларға бұрын жаттығу жасап жүрген мектебінің залын жалға алып беретін болып шешілді. Айта кетейік,  соңғы бес жылдағы көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы республикада соңғы орында тұр.                                                                                                                                    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу