Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықты хабарлағандар 800 мың теңге сыйақы алды

630

Жыл басынан бері Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған төрт азаматқа сыйақы берілді. 

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықты хабарлағандар 800 мың теңге сыйақы алды Фото: google

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қазіргі уақытта парақорлықпен күреске жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәжірибесін кеңінен қолдануда.

"Биыл сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған төрт азаматтың ақпараты негізінде қылмыс ашылып, сот үкімі күшіне енген соң комиссия шешімімен сыйақы тағайындалды. Осы азаматтар хабарлаған деректер ауырлығы орташа және ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істердің санатына жатады",- деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Зульфия Абишаева.

ҚР "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен марапатталады және мемлекеттің қорғауында болады. Сыбайлас жемқорлық дергі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы мөлшері заңды жолмен есептеледі.

Мәселен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша- 30 АЕК;  онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер туралы ақпаратқа 40 АЕК;  ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша- 50 АЕК; ауыр қылмыстық істерге- 70 АЕК; аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша- 100 АЕК көлемінде қаражат қарастырылған. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, біржолғы ақшалай сыйақы көрсетілген соманың 10% құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. Айта кетейік, сыйақы сот үкімі шыққаннан кейін төленеді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу