Маңғыстауда тағы бір мекеменің қызметкерлері жалақы өсімін талап етті

3777

Бірақ "МАЭК-Қазатомпромның" қордаланған қарызы оған мүмкіндік бермей тұр.

Маңғыстауда тағы бір мекеменің қызметкерлері жалақы өсімін талап етті

"МАЭК-Қазатомпром" мекемесі жұмысшыларының барлық талаптарын орындау мүмкін емес. Дегенмен жалақы екі есеге емес, 30 пайызға өседі және одан бөлек сыйақылар төлеп отыру қарастырылмақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, "МАЭК-Қазатомпром" ЖШС жұмысшылары 3 ақпан күні жалақыны 100 пайызға өсіру жөніндегі талаптарын айтып шыққан болатын. Олардың айтуынша, жалақы 2018 жылдан бері өспеген, қазіргі күні қолдарына алатын 140-160 мың теңге айлық шайлықтарына да жетпейді. Ал еліміз бойынша қымбат аймақтардың бірінен саналатын Маңғыстау облысында орташа айлық жалақы көлемі 275 мың теңге деп жарияланып жүр. 

Осы мәселе бойынша жұмыс беруші және жұмысшылар тарапының әрқайсысынан жеті адам кірген Татуластыру комиссиясы құрылған болатын. Дегенмен келісу комиссиясының өзі еңбекақыны екі есеге өсіру жөнінде келісімге келе алмаған. Бірақ 2 ақпан күні қабылданған шешім өзгеріссіз қалмақ, ол бойынша басшылық құрамнан басқа, жұмысшылар жалақысы 30 пайызға өсіп, республикада тойланатын және кәсіби мереке кезінде бір кесімді ақы көлемінде сыйақы төленетін болады. 

Өңірдегі өндіріс аймақтарын және тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтитын кәсіпорын басшылығы дәл қазір айлықты 100 пайыз өсіруге еш мүмкіндік жоғын алға тартып отыр.

"Келіп түскен талаптар бойынша барлық шарттарды орындау мүмкін емес. Өйткені бүгінгі күні МАЭК-тің электр энергиясын, жылу энергиясын, ауыз суды, ыстық және техникалық суды (бұдан әрі-өнім) жеткізу бойынша көрсетілген қызметтер үшін шамамен 9,7 млрд теңге сомасына мерзімі өткен дебиторлық берешегі, шамамен 3,5 млрд теңге мөлшерінде кредиттер бойынша төлемдері бар. Өнімді жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер шығыны көп. Қызметкерлердің барлық талаптарын толық көлемде орындау біздің облыс тұрғындары үшін өнім жеткізу бойынша өндірілетін қызметтердің барлық түрлеріне тарифтердің айтарлықтай өсуіне әкеледі", – дейді татуластыру комиссиясының мүшелері.

Қазіргі күні "МАЭК-Казатомпром" ЖШС бас директоры Талғат Есентүгелов қызметкерлеріне мекеменің маңызды және стратегиялық нысан екенін ескерте отырып, ұстамдылық пен парасаттылыққа, еңбек заңнамасын  сақтауға шақырып отыр. Ол бұл жөнінде компания сайтында арнайы үндеу жариялады. Онда "Қазіргі таңда татуластыру комиссиясының жұмыс аяқталуда, осыған байланысты мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен Еңбек төрелегінде өтінішті қарауға көшеміз" деп жазылған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу