Маңғыстау облысында теңіз жағалауынан 20 итбалық пен бекіре тұқымдас 8 балықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық Экология департаментінің мәліметінше, өлекселер 1 маусым күні Баутино кентіндегі су тұщыту зауытының маңындағы жағалаудан анықталған.
Оқиғадан кейін департамент мамандары Түпқараған ауданы мен Форт-Шевченко қаласы аумағындағы теңіз суының құрамын тексеруге кірісті. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, биыл сәуір айының ортасында Түпқараған ауданынан 200-ге жуық итбалықтың өлексесі табылса, мамыр айында тағы 30-дан астам өлі итбалық анықталған болатын. Ол кезде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде су құрамынан ластаушы заттар табылмағаны хабарланған.
Мамандар итбалықтардың қырылу себептерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.