Әлеуметтік желіде демалушылардың жауапсыз іс-әрекеті салдарынан Түпқараған ауданындағы теңіз жағалауында орналасқан "Голубая бухта" аталып кеткен жердің қоқысқа толғаны жөнінде видео тарады. Енді аталған орында полиция қызметкерлері кезекшілік жүргізіп, қоқыс тастағандарға айыппұл салуы мүмкін. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Голубая бухта" - Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласынан 70 шақырымдай жерде, Сайын-Шапағатов елді мекенінен 40 шақырымдай жерде шалғайда орналасқан. Аталған жер суға түсуге рұқсат етілмеген аймаққа жатады. Тұрғындар мен қонақтар үшін Сайын-Шапағатов әкімдігі аймақтың кіре берісіне билборд орналастырған. Сондай-ақ, жағалау коммуналдық жағажай болмағандықтан тазалығын күтіп-ұстауға арнайы қаражат қарастырылмаған.
"Голубая бухта" теңіз жағалауы тиым салынған жер бола тұрғанына қарамастан жаз мезгілінде жан-жақтан келетін демалшыларлың саны өте көп. Олар көбіне тазалық сақтамай, қоқыс тастап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Түпқараған аудан әкімдігі 21 тамыз күні тазалық жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта патрульдік полиция кезекшілік ұйымдастырып, айыппұл салуды, және жазғы уақытта теңіз жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлуді қарастырып отырмыз. Бұлар қысқа мерзімді іс- шаралар, ал ұзақ мерзімді іс -шара ретінде инвестициялық жоба туризм саласында жасақталғаны жөн. Аумақтың иесі болған кезде ғана тәртіп сақталады. Тұрғындар мен қонақтардан жауапкершілік сақтауды сұраймыз. Біз тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, - деді аудан әкімдігінің қызметкерлері.