Маңғыстауда триллион теңгеден астам сомаға 84 инвестициялық жоба іске аспақ

459

Маңғыстау облысында алдағы 3 жылда 1 триллион теңгеден асатын 84 инвестициялық жоба аясында 4 мың 300 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.    

Маңғыстауда триллион теңгеден астам сомаға 84 инвестициялық жоба іске аспақ Фото: inbusiness.kz

Қазірдің өзінде құны 24,5 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды. 600-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл экономиканың түрлі саласында 20-дан астам жоба орындалады.

Мұндай ақпарат Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке айтылды. Осы арқылы ауыл халқының табысын арттыру, жастарды жұмыспен қамту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру жоспарланған.

Өңірде ауыл халқының табысын арттыру мақсатында маңғыстаулықтарға жылына 2,5 пайызбен шағын несие беріледі. Шағын несиені кәсіп бастауға немесе кәсіпті дамыту үшін Өмірзақ, Рахат, Кендірлі, Бейнеу, Боранқұл, Құрық, Сенек, Жетібай, Шетпе, Жыңғылды, Тұщықұдық, Батыр, Маңғыстау, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Баутино ауылдарының тұрғындары алуына болады.

"Өңірде, ауылдарда тұрақты жұмыс орнын ашу, жастарды жұмыспен қамту қажет. Басшылар "Ауыл аманаты" мемлекеттік бағдарламасымен өз жобасын кеңейтуді ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын ашуды, сапалы өнім шығаруды да ойлауы керек. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру үшін инвестиция тарту арқылы экономиканы одан әрі әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.  Биыл барлық өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Ауыл аманаты" жобасы жүзеге асады. Ауылдағы өмір деңгейі мен ауыл халқының табысы осыған байланысты болғандықтан әкімдіктер басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаны сапалы жүзеге асыруы керек.  Сонымен қатар "Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту", "Жайлы мектеп" ұлттық жобаларының сапалы орындалуын тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет", – деді Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу