Маңғыстауда туристерге қызмет көрсететін маман тапшы

1067

Мыңға жуық адам тегін оқытылмақ.

Маңғыстауда туристерге қызмет көрсететін маман тапшы

Маңғыстау облысында мыңға жуық туризм саласының маманы тегін оқытылып жатыр. Өңірде туристер саны артқан кезде сервистік қызмет көрсететін мамандар санының жетіспеушілігі байқалған. Бұл жөнінде Ақтау қаласында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы өкілдерінің жергілікті қонақ үй басшыларымен кездесуінде айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Былтыр қонақ үй кешендерінде демалушылар саны артты. Алайда, сапалы қызмет көрсететін мамандардың жетіспейтіні байқалды. Облыста 2025 жылға дейін 1,7 млн туристі қабылдау жоспарланып отырғанын ескерсек, бұл қажеттіліктің арта түсері сөзсіз", –  дейді "Kazakh Tourism" ҰК төрағасы Ержан Еркінбаев. 

Жыл соңына дейін аспазшы, швейцар, даяшылар мен бөлме қызметкерлері, жағажайдағы құтқарушы мамандары даярланып, біліктілігін арттырмақ. Олардан бөлек,  Ақтау халықаралық әуежайының қызметкерлері де оқу курстарынан өтеді. Сол сияқты, туристерді есепке алу, туристік ағымды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыру үшін қонақ, хостел, демалыс үйлеріне  бірыңғай ақпараттық жүйе – "eQonaq" енгізілуде. 

Айта кетейік, Маңғыстау облысы перспективалы туристік аймақ саналып, бұл жағынан алғашқы ондықтың ішіне кіреді. Өңірге қызығып келушілер саны пандемия кезінде де аса азайып отырған жоқ. Облыстың инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының мәліметінше, былтыр өңірге 160 мыңнан астам турист келген. Өткен жыл теңіз жағалауында "Rixos Water World Aktau" туристік кешенінің іске қосылуымен есте қалғаны белгілі. Қазіргі күнге дейін оған 124 мыңнан астам адам демалуға келген, оның 46 мыңы осы жылы келгендер. Бұл қонақ үйге 600-ден астам облыс тұрғыны жұмысқа орналасып, бірнеше жергілікті тауар өндірушілер және қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасалған. 

Өз кезегінде, туризмнің дамуы кейбір әлеуметтік мәселелерді де туындатып отыр. Соның бірі, қаладағы көпқабатты үйлердегі судың тапшылығы. Тұрғындар тарапынан жаңа туристік кешендердің ашылуы салдарынан берілетін су көлемі азайып кетететін айтып, шағымданушылар бар. Сонымен қатар, қонақтың көбеюі қоршаған ортаның жағдайына да әсер етпей қоймайды. Бұған дейін Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жайы көп талқыланып, ол салынбайтын болды. Алайда, табиғаты көркем жерді тамашалауға барғандар демалып, көңіл көтерген жерлерін шашып, маңайды ластап кететіндіктен, онда кіру наурыз айынан бастап ақылы болғаны жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу