Ақтауда ұрлық жасағаны үшін сотталған 29 жастағы азамат қауіпсіздігі төмен мекемеден (ГМ-172/8, қоныс колониясы) қашып кеткен, деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Хабарланғандай, 2019 жылдың 4 ақпанында жазасын өтеуші М.Бердиев колония аумағында бақылаусыз жүру мүмкіндігін пайдаланып, "Еңбек-Ақтау" РМК-дағы жұмыс орнынан қауіпсіздігі төмен мекемеге қайта оралмаған.
"10 ақпан кешкісін ГМ-172/8 мекемесінің қызметкерлері Ұлттық гвардия және Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде М.Бердиев қаладағы шағынаудандардың бірінде ұсталды", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сотталушыға қатысты ҚР ҚК 427-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол түзеу мекемесіне оралмағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.