Маңғыстауда ысталған балықтан уланған 3 адам ауруханадан шықты

256

Уланған төрт адамның бірі болған бала көз жұмды.

Маңғыстауда ысталған балықтан уланған 3 адам ауруханадан шықты Фото: 24.kz

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында ысталған балықтан уланып, ботулизм белгілерімен ауруханаға түскен үш адам емделіп шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауруханадан шыққан тұрғындардың бірі дәрігерлерге алғысын білдірді. Енді балық жемейтінін айтты. 

– Енді балық жемейтін болдым. Бізді қиын жағдайдан құтқарып, емдеген дәрігерлер мен медбикелерге рахмет. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер,  – деді ол. 

Еске салайық, 2026 жылғы 21 қыркүйекте бір отбасының төрт мүшесі, оның ішінде кәмелетке толмаған бала, ысталған балық тұтынғаннан кейін медициналық көмекке жүгінген. Науқастарға қажетті ем көрсетіліп, ботулизмге қарсы сарысу енгізілген. Өкінішке қарай, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қалған үш науқас емделіп, ауруханадан шығарылды.

Мамандар ботулизмнің жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті ауру екенін ескертеді. Ол көру қабілетінің бұзылуына, жұтыну мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе тиісті жағдайда сақталмаған тағамдарды тұтынудан туындайды.

Сондықтан мамандар үй жағдайында дайындалған консервілер мен ысталған балық өнімдерін тұтынғанда сақ болуға шақырады. Ботулизмге күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу