Маңғыстауда жаппай астан улану бойынша қылмыстық іс қозғалды

352

Еске сала кетсек, 37 адам астан уланған. 

Маңғыстауда жаппай астан улану бойынша қылмыстық іс қозғалды Фото: freepik.com

Маңғыстау облысы ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы Айболат Мұрзашев аталған жағдайға байланысты ҚР ҚК 304 бабы 1 бөлігі, яғни санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

“Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілерге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сонымен қатар, алынған тамақ үлгілеріне қатысты тағайындалған санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің сараптамасы күтілуде. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Қалған мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді”, - деді Айболат Мұрзашев.

Бейнеу аудандық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне қоғамдық тамақтану орталығында 19 ақпан мен 26 ақпан күндері ас ішіп улану белгілерімен 37 адам түскен. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі – 7 бала, 1 жасөспірім, 29 ересек адамдар. Бейнеу аудандық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінде алғашқы дәрігерлік көмектері ұйымдастырылып, 27 адам аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне стационарлық емге жатқызылды. Қазіргі таңда 7 науқастың жағдайы орташа ауырлықта, 20 адамның жағдайы бірқалыпты, асқыну белгілері байқалмайды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева хабарлады.

Оның айтуынша, науқастардың диагностикалық-лабораториялық анализдері ұйымдастырылып, оларға емдік шаралары тағайындалды. Күнделікті облыстық штаттан тыс инфекционист маманымен телемедицина арқылы кеңес алынып, бақылау жалғасуда.

“Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Қосымша 20 төсек орын дайындалды. 10 адам амбулаторлық деңгейде,  дәрігерлік бақылау ұйымдастырылып, симптоматикалық емі жүргізілуде. Жағдайлары тұрақты, асқыну жоқ. Науқастармен қарым-қатынаста болғандарға обсервациялық бақылау қағаздары ашылып, бақылауға алынды. Эпидемиялық шаралар жалғасып жатыр”, - деді Бибізада Дүйсенбаева.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың айтуынша, барлық науқастардан зертханаға  анализдер алынып жеткізілген. Алынған биоматериалдардың 2 науқастан оң нәтиже көрсеткен, яғни ішек қоздырғышы клебсиелла пневмония, стафилакок ауреус анықталды. Қалған науқастардың анализдері жұмыс үстінде.

“Эпидемиологиялық анамнез жинау барысында науқастардың айтуы бойынша Бейнеу селосының басында орналасқан "Аli-Man fast_food" қоғамдық тамақтану орнынан суши, пицца, чикен тағамдарына тапсырыс беру арқылы және өздері барып сатып алып жегендерімен байланыстырады. Тек сараптамалық нәтиже шыққаннан кейін ғана нақты неден уланғаны белгілі болады. Бүгінде қоғамдық тамақтану орнына эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде, ошақтардан әр түрлі тағамдар су, сынамалары, қызметкерлерден анализдер алынды. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Бейнеу ауданында топтасқан аурудың тіркелуіне байланысты облыстық штаб құрылды. Штаб құрамымен зум арқылы онлайн режимде 2 рет кезектен тыс штаб отырысы өткізілді. Штаб өз жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, топтасқан  нақтыланбаған бактериалды ішек ауруларын тұрақтандыру мақсатында толық эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізілуі жалғасуда”, - деді Бердібек Саралтаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу