Ереуілдің басты себебі – жалақыны көтеру мәселесі. Қазіргі қымбатшылық кезеңде 120 мың теңге басталатын еңбекақыға ештеңе түспейді. Ауыз жарымайтын ақыны өсіруді сұраған қызметкерлер басшыларына бірнеше рет өтініш жасағандарын алға тартты.
Қызметкерлердің наразылығы туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Маңғыстау облыстық жедел және кезек күттірмейтін медициналық жәрдем станциясы қызметкерлері еңбекақыны ҚР 1193 ПП еңбекақы төлеміне сәйкес алып отыр. Еңбек шарты бойынша жалақы айдың 10-на дейін төленеді. Қыркүйек айына дейін жалақының барлық төлемдері әр айдың 5-і мен 7-сі аралығында жүргізіліп келді. Тамыз айындағы үстеме ақыны толық төлеу бүгін орындалуы тиіс.
"Таңертең кезекшілік ауысымға шықпау ҚР Еңбек кодексінің 176-бабы негізінде заңсыз болып табылады. Заңсыз ереуілге байланысты Ақтау қаласы бойынша 1-4 жеделдік санатынан шақыртуларға қызмет көрсетуге көмек көрсету үшін қосымша бригадалары бөлінді: Ақтау қалалық емханаларынан – 3 бригада, жекеменшік клиникалардан – 5 бригада, Мұнайлы емханасынан – 4 бригада, Жаңаөзен қалалық емханасынан – 6 бригада тартылып отыр. Ультиматумдық талаптар арқылы жұмысқа шығудан бас тарту заңсыз. Мұндай әрекеттер Маңғыстау облысы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан арандатушылыққа бой алдырмаған жөн. Халықтың денсаулығы біз үшін маңызды", – деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Қазір Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданының қызметкерлері жалақыны өсірмейінше жұмысқа шығудан бас тартты. Бұл бастаманы басқа аудандағы әріптестері де қолдап жатыр.
Тасым Жаңай