Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысындағы жемшөп мәселесі қысқа дейін қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ол өңірде қуаңшылық басталған кезде үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Қаржының 40% жеке қосалқы шаруашылықтарға, 60% шаруа қожалықтарына беріліпті.
"Бұл ақша жемшөп бағасын төмендетуге жұмсалды. Бүгінде Маңғыстау облысының жергілікті бюджетінен қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қаржы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және оператор арқылы шөп сатып алуға жұмсалады",– деді басшы АШМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, күзге дейін шөпті алып үлгеру керек.
"Қыркүйектен кейін шөп болмауы мүмкін. Мәселе осында. Сондықтан олар шөпті Маңғыстау облысына жеткізіп сақтайды. Өңірдегі елді мекенге, шаруа қожылығына шөп жетіспеген жағдайда осы қордан алуға мүмкіндік беріледі",– деді Ербол Қарашөкеев.
Министрдің міндетін атқарушы Маңғыстау өңірі шөлейт аймақта орналасқанын, мұнда жайылым жері жоқ екенін атап өтті. Сондықтан министрлік пен жергілікті атқарушы билік қысқа дейін шөп мәселесін шешіп алуы шарт.
"Сондықтан жоғарыда аталған 5,3 млрд теңге осы мәселені шешуге бағытталады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы немесе операторлар алдын ала бекітілген баға бойынша шөпті Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан сатып алады",– деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қосымша 4,5 млрд теңге бөлінуі мүмкін екені хабарланған еді.
Дәурен Ерболат