Маңғыстауда жергілікті өнім көлемі артып келеді

1113

Оған бейнеулік кәсіпкерлер де үлес қосып отыр.

Маңғыстауда жергілікті өнім көлемі артып келеді

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының кәсіпкерлері халықты көкөніспен және жеміс-жидекпен қамтуға үлкен үлес қосуда. Әрине, облыс нарығына басқа елдер мен оңтүстік өңірлер келетін өнімдер бәсекелестік тудырып отырғаны рас. Соны алға тартқан кәсіпкерлер жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мақсатында әкімдіктен қолдау білдіруін сұрап отыр. 

Кәсіпкер Әліпбай Кәрібаевтың жылыжайында қияр және дәмдеуіш ас-көктер өсіріледі. Жалпы көлемі 0,2 гектарды құрайтын жылыжай кешенінде 10 тонна қияр өнімін алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, аудандағы екі шаруашылықта қауын, қарбыз бен көкөніс өнімдерін өсіреді. Мәселен, "Берекет" шаруа қожалығы 3,5 га жерге қауын, қарбыз егіп, 2019 жылы 5 тонна қауын, 15 тонна қарбыз алды. Биылғы жылы өнімді көбейтіп, қауыннан 10 тонна, қарбыздан 15 тонна және картоп пен қияр егіп, 2 тонна картоп, жарты тонна қияр алуды жоспарлап отыр.

"2019 жылы он гектар жерден 50 тонна қарбыз, 40 тонна қауын, помидор мен қиярдан 15 тонна және дәмдеуіш бұрыштардан 5 тонна өнім алдық. Биылғы жылы осы өнімдерге қоса сәбіз де ектік. Алдағы уақытта тоннаға жақын сәбіз аламыз деп отырмыз және қауын мен қарбыз, помидор мен қиярдан да былтырғыдан көп өнім болады деп отырмыз", – дейді "Назар" шаруа қожалығының өкілі Хамит Тарғын.

Ал, жергілікті әкімдік өкілдері шаруаларды қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.

"Аудан басшысы өз кезегінде өзімізден шығатын өнім ең алдымен өзіміздің нарықты қанағаттандырып, содан кейін өзгелерді қамтуы қажеттігін айтты. Бағасы да сай болуы керек. Мемлекет тарапынан қандай да қолдау керек болса, әрдайым дайын екенін, кәсіпкердің ұсыныстарын назарға алып, сала басшыларына тапсырмалар берілді", – деді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу