Маңғыстауда жол сапасын бақылаушылар маман іздеуде

1397

Бұл салада еліміз бойынша 3 мыңдай жұмыс орны бос тұр. 

Маңғыстауда жол сапасын бақылаушылар маман іздеуде
 Маңғыстау облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2948 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1020 шақырымы – республикалық маңызға ие. Қазіргі күні көлік жолдарының 80 пайызының жағдайы қанағаттандырарлық, алайда, бұл арқаны кеңге салуға болады дегенді білдірмейді. Себебі, трассалар ауыр жүк көліктерінен жиі зардап шегіп отыр. Құрылғаннан бергі жасаған жұмыстарына есеп берген "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК МО филиалы осындай қорытындыға келген. 

2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында көліктік бақылау инспекторлары рейдтік шаралар кезінде 1207 жүк көлігін тоқтатып, салмағын тексерген. Заң бұзушылыққа барған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің баптарына сәйкес 33 млн. 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ауыр жүк көліктері жиі жүретін жолдарға төселген материалдардың жай-күйін анықтау үшін 1400-дей сынама алынып, оның 462-сінде жолдың сапасы көңілге қонбаған. Былтыр трассалардан жалпы саны бес жүздей түрлі ақау табылып, бүгінде оның 88-інің жөнделгені тіркелген. 

Жол сапасын бақылау үшін қолға алынған шараның бірі – оған қоғамдық топтарды араластыру. Осы мақсатта өткен жылы ұлттық жол сапа орталығы жанынан "Халықтық бақылау" кеңесі құрылды. Маңғыстау филиалында бұл кеңестің 7 мүшесі бар. Бұдан бөлек, "Маңғыстау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің мүшелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері орталықпен біріге жұмыс атқарады. Аталған мекемелерді қатыстыра отырып, 15 рейд жүргізіліпті. 

"Біз 2020 жылы өңір аумағындағы трассаларға 476 рет шығып, 46 нысанда тексеру жүргіздік. Жол құрылысына қолданылған материалдардан 2199 сынама алынды. Олардың 1 мыңға жуығының сапасы талапқа сай емес. Республикалық маңыздағы жолдарда 217 рет бақылау жүріп, 13 нысан тексерілді. Алынған 168 сынаманың 9-ы талапқа сай келмей шықты. Бұдан бөлек, 128 әртүрлі ақау табылды. Оларды жою үшін мердігер мекемелер мен олардың қызметіне тапсырыс беруші әкімдік бөлімдеріне 27 рет қызметтік хат жазылды. Бұдан бөлек, жергілікті және қала, аудан, ауылішілік жолдар тексерілді", - деп мәлімдейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК МО филиалы директоры Елтай Таялиев

Филиалдың тағы бір жұмысы – биылдан бастап жол саласы мамандығын насихаттау үшін мектеп бітіруші түлектермен кездесулер ұйымдастыру болыпты. Себебі, статистикалық деректерге сай, қазіргі уақытта Қазақстанға орта есеппен 3 мыңға жуық маман қажет екен. Соның ішінде, жол шебері, инженер-сметашы, зертханашы, жол құрылысы инженері, автогрейдер жүргізушісі, механизатор мамандығына сұраныс туып тұр. 

Құралай Қуатова

 
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу