Маңғыстауда жүк көліктері тексерілді

814

Шамадан тыс жүк тиеп алатын көліктер жолдарды жарамсыз қылып тастауда.

Маңғыстауда жүк көліктері тексерілді

Маңғыстау облысында құзырлы органдар жолда жүрген жүк көліктеріне бірлескен рейд жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Тексеруші топ 1207 ауыр көлікті тоқтатып, артық салмақта жүк тиеп келе жатқандарға 33 млн 990 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Ауыр жүк көліктерінің асфальт жолдарды ойқы-шойқы қылып, бүлдіріп тастайтыны бүгін пайда болған проблема емес. Облыста құрылыс материалдары өндірілетін болғандықтан, сұраныс мол кезде оларды тасыған машиналар аузы-мұрнынан шыға тиеп алып, су жаңа тас жолдардың өзін майыстырып, бүлдіріп кетеді. Бұл жағынан, әсіресе, ұлутас шығаратын Қарақия ауданына қарасты Жетібай кен орны көзге түсуде. 

Бұған дейін трассалардан мөлшерден артық жүк тиеген көліктерді өткізбеу керектігі жөнінде қоғам белсенділері жиі айтып жататын. Қазір мәселені шешуге "Маңғыстау адалдық алаңы" жобалық кеңсесі араласып отыр. 

"Қыстың кезінде ештеңе емес, жаздыгүні құрылыс маусымы басталған кезде қиын. Ол кезде күн ыстық болып, жол да жұмсарып тұрады, ал жүк тиеген көліктер оны басып-жаншып өтеді. Жол салуға мемлкет тарапынан қыруар қаражат бөлінеді, салуға көп уақыт кетеді, бюджет қаражаты тиімжі жұмсалуы керек қой", - дейді жобалық кеңсенің жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев. 

"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы биыл жол сапасына 542 тексеру жүргізіп,  1200 сынама алған. Жол сапасына әсер ететін фактордың бірі ретінде – көліктердің жүкті шамадан тыс тиеп алып, жол жабындысына салмақ түсіретіні аталады. Белгіленген шектік талап бойынша, бір көліктегі жүк сиымдылығы қанша үлкен болса да 13 тоннадан аспауы тиіс.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу