Маңғыстауда жүк көліктерінің иелеріне 30 млн теңге айыппұл салынды

655

Маңғыстау облысында құрылыс қарқын алғаннан бері құрылыс материалдарын шектік шамадан асырып тасымалдау тоқтамай тұр.  

Маңғыстауда жүк көліктерінің иелеріне 30 млн теңге айыппұл салынды

Соңғы 9 айдың өзінде 232 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, 30 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Көліктік бақылау инспекциясының мәліметіне сүйенсек, заңбұзушылықтар көбінесе ұлутас өндіретін карьерлер жолында жиі тіркеледі.

Ауыр салмақтағы көліктер тас жолдарды ойдым-ойдым қылған. Жылжымалы көліктік бақылау бекеті жолда тәулік бойы тұрса да жүргізушілер аяғынан тартар емес. Заң бойынша көліктің бір бөлігіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Ал айыппұл арқалағандарда салмақ 2-3 есе асып түскен.

 "Самосвал көлігіндегі шектік салмақ – 25 тонна. Бірақ 45 тоннаға дейін жүк тиеп жүру фактілері анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 797-бабына сәйкес құқықбұзушылық анықталған жағдайда арнайы тұраққа қамауға құқығымыз бар. Салынатын айыппұл бөлек және жүріп өткен жолына салынатын алым сомасы бөлек қарастырылады. 9 айдың қорытындысы бойынша алым сомасы 528 млнға жетті",  дейді облыстық көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Алтынбек Қадыр.

Қазір Маңғыстау ауданында 30-ға жуық тас карьері бар. Оның үштен бірі Шетпе ауылына жақын. Ауыл тұрғындары қиыршық тас, құм тиеп шыққан көліктер ауыл ішімен жүруін тоқтатуы керек деген пікірде. Әйтпесе жолдар мерзімінен бұрын тозып барады.

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының инженері Мерей Әлиевтің айтуынша, жолдың сапасын тексеретін мемлекеттік мекеме инженерлері Ақтау көшелерінен де ақауды жиі табады.

Таяуда ғана орталық көше жөнделген болатын. Мердігер компания ойылған жеріне асфальт құйып бітесе де, тегіс болмай шықты. Бір деңгейде қабыспай тұрғаны арнайы құралмен өлшемей-ақ көзге анық көрінеді. Бұл жүргізушілерге  қауіп төндіреді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу