Маңғыстауда жұмыссыз тұрғындар жолды жапты

580

Маңғыстау облысы,  Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары екі күннен бері наразылықта тұр. 

Маңғыстауда жұмыссыз тұрғындар жолды жапты Фото: inbusiness.kz

Олар мұнай-газ өндірісіне апаратын жолды жауып тастады. Талаптары орындалмайынша не көлік, не адам өткізгісі жоқ. Негізгі талап – ауылдағы жұмыссыздарды мұнай-газ саласына тұрақты жұмысқа орналастыру, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл – Жетібай жұртының алғашқы наразылығы емес. Үш ай бұрын да жұмыссыздар дәл осылай ереуілге шыққан. Сонда жергілікті билік мәселе 25 наурызға дейін шешіледі деп уәде еткен-ді. Уәде сөз күйінде қалды. Мұнда 60-шы жылдары қазақтың алғашқы мұнай бұрқағы атқылап, содан бері қара алтын өндірісі тоқтаған жоқ. Өндіріс ошағының іргесінде уын жұтып, экологиядан зардап шегіп отырып басқаларға балын жалатуға қарсымыз, дейді наразы топ.

"Жергілікті халықта жағдай жоқ, жұмыс жоқ. Уын жұтып, зардап шегетін халық. Бізге өндірістен тұрақты жұмыс сұраймыз. Жетібай халқының талабы осы. Талан-таражға салынбай бос жұмыс орындары Жетібай халқына берілсін! Бізге Қарақиядан, облыстан емес, Жетібайдан тұрақты жұмыс керек! Өндірістен керек!" – деп бір ауыздан жауап берді.

Ереуілшілер қатары көбейіп барады. Жұмыссыздарға қолдау білдіру үшін отбасы мен бала-шаға да қосылды. Қазыналы түбекте отырып, екі қолға бір күрек табылмауы ақылға сыймайтынын айтуда.

Ереуілшілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аудан әкімі барды.

"Барлық Жетібай ауылы тұрғындарын "Жетібаймұнайгазға" немесе НГДУ-ға кіргізу мүмкін емес. Оған қарамастан аудан көлемінде басқа да бос жұмыс орындары бар. Жеңілдетілген микро кредиттер беру бағыты, қайтарымсыз грант беру арқылы да азаматтардың өзін өзі қамту, кәсіпке баулу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр",– дейді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.

Мұндай жауапқа қанағаттанбаған халық  наразылық акциясын әлі де жалғастыруда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр ауданда жұмыссыздар тізіміне енген 3 жарым мың адамның 2 мыңы еңбекке араласты. Биыл олардың саны артып, тағы 5 мыңнан астамы жұмыспен қамтылуы тиіс. 

Осы жағдайға "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ басшылығы да алаңдаулы. 

"Мұндай заңсыз әрекеттер 4500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорынның жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Қазіргі уақытта 450-ге жуық автокөлік құралдарының , оның ішінде арнайы техника, жеңіл автомобильдер және жұмысшыларды тасымалдайтын автобус қозғалысына қолайсыздық туындады. Наразылық облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да  мұнай кәсіпшілігіне кедергі жасамауға шақырамыз. "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы өңірге жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге,  жергілікті бюджеттің кірісіне 27,5 млрд теңге, оның ішінде Қарақия ауданының бюджетіне 7,3 млрд  теңге аударып отыр", делінеді компания хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу