Қазіргі уақытта 8 лауазымды тұлға қамауда отыр. Бас прокуратура Каспий теңізіндегі трагедияға қатысты тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді.
Еске сала кетейік, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар – Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды", – делінген хабарламада.
Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.