Маңғыстаудағы ауылдарда ауыз су тапшылығы толықтай шешілмек

521

Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына су тарту мәселесі шешіледі.  

Маңғыстаудағы ауылдарда ауыз су тапшылығы толықтай шешілмек Фото: inbusiness.kz

Қос ауылды сумен қамтитын сыйымдылығы 600 м3 8 құдық су ғимараты бар. Қуаттылығы тәулігіне 1000 м3 су тұщыту қондырғысы жұмыс істеп тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Одан бөлек ауылға іргелес жерде қуаттылығы тәулігіне 5000 м3 су тұщыту зауыты салынды. Қазіргі таңда аталған зауыттан құбыр тарту құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар 2023 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құбыр тарту жұмыстары аяқталған соң қосымша тәулігіне 5000 м3 су алуға мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде су тапшылығын шешуге септігін тигізеді.

Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібектің айтуынша, жалпы ауылға 3500 м3 ауыз су қажет. Осы мәселені шешу үшін 8 құдық су имаратына қосымша әрқайсысы 1000 м3 болатын 2 резервуар салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр.

Сондай-ақ, "AURA" демалыс аймағындағы су тұшыту зауытында қосымша 20 ұңғыма қазылып, 1000 м3 резервуар салынып жатыр. Бүгінде 9 600 адам тұратын ауылға тәулігіне 3 000 м3 су қажет. Алайда, ауылға Ақтау-Ақшұқыр-Сайын Шапағатов су құбыры арқылы 500-600 м3 су беріліп жатыр. Егер "AURA" су тұшыту зауыты іске қосылса, тәулігіне 1300-1400 м3 су үздіксіз беріледі. Жауапты мамандардың айтуынша, жоба сәуірдің соңында аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу