Маңғыстауда бір бөлігі құлаған мектептің қашан жөнделетіні белгілі болды

Құрық ауылындағы мектеп акт залының шатыры былтыр опырылып түскен еді. 

Маңғыстауда бір бөлігі құлаған мектептің қашан жөнделетіні белгілі болды Фото: видеодан алынған кадр

Маңғыстау облыстық білім басқармасы оның не себепті құлағанын және ғимараттың қашан жөнделетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ведомствоның мәліметінше, жүргізілген техникалық сараптама металл құрылысында ақау барын, жекелеген элементтердің беріктік сипаттамалары төмендегенін және уақытылы техникалық қызмет көрсетілмегенін анықтаған. Сараптама "акт залын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту қажет" деген қорытынды берген.

2025 жылдың 10 желтоқсанында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі келісімшарт "ВИД-А" ЖШС-мен жасалған. Құжаттаманы биылғы 10 мамырға дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

– Жоба-сметалық құжат бекітілгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына қаражат бөлінеді. Бұл жұмыстарды 2026-2027 оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр, – деп хабарлады Маңғыстау облыстық білім басқармасы.

Айта кетейік, Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылындағы мектеп-гимназияның акт залының шатыры 2025 жылдың 23 шілдесінде опырылған. Ғимарат 2009 жылы пайдалануға берілген.

Қазіргі уақытта оқушылар №1 және №6 мектептерге, сондай-ақ Құрық балалар өнер мектебіне уақытша бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу