Тіршілік нәрі 200 теңгеге қымбаттаған. Бұл ауылдарда онсыз да су бағасы өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
"Басқа аудандарда су тарифі бір текше метріне 261 теңге. Тек қана Түпқараған ауданында кв м- 418 теңгеден сатылып келді. Енді оның бағасын 662 теңгеге көтеріп отыр. Біріншіден қоғамдық тыңдау болған жоқ, халықтың келісімін алған жоқ. Мына су жеткізуші мекемені батпақтан шығарып алу үшін, ортадағы делдал мекемелерді банкроттан құтқару үшін бағаны көтеріп отыр. Біз оған түбегейлі қарсымыз. Түпқараған әкімдігі жанындағы "Коммуналдық қызмет" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тексеріс жүргізілуін талап етеміз. Маңғыстау бойынша емес, республикалық аудиттен келіп тексеру керек. Халықтың барлығы қазір соған қол қойып, құжат дайындап жатырмыз", - дейді ашынған тұрғындар.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті тариф заң бойынша дұрыс бекітілгенін мәлімдеді. Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Жандос Салимовтың айтуынша, бұл ауылдардың халқы субсидияланған мөлшерлеме бойынша төлем жасайды. Яғни тариф қанша теңге болса да, 3 текше метрге дейін әр текше метр су үшін 70 теңге төлейді. Енді тариф бағасы өзгермейді.
Мұндай жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар сотқа жүгінуге дайын екенін жеткізді.