Маңғыстаудағы мұнайшылардың мұңы: Phystech II компаниясы қызметкерлерін сотқа бермек

569

Жалақы көтеруді талап еткен маңғыстаулық мұнайшылар үш түн далада түнеп шықты.  

Маңғыстаудағы мұнайшылардың мұңы: Phystech II компаниясы қызметкерлерін сотқа бермек Фото: inbusiness.kz

Phystech II АҚ қызметкерлері 11 желтоқсаннан бері наразылық шарасын өткізіп жатыр. Олардың қатарына вахтаның жұмыс ауысымынан шыққан өзге де жұмысшылар қосылды, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Сақырлаған сары аязда, желдің өтінде тұрған наразы топтың айтуынша, кен орны аумағынан тыс жерде 50-ге жуық адам, кәсіпорында 40 адам ереуілге шыққан.

"Аяз бен суыққа қарамастан, жігіттер далада тұр. Суықтың салдарынан бірнеше жігіт ауырып қалды. Бұл үшін салғырт қараған басшылық жауапты. Жылыну үшін тіккен киіз үйді де жинап алды. Біз өз проблемамызды шұғыл түрде шешу үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының көмегін күтеміз", - дейді ереуілшілер.

Phystech II АҚ басшылығы еңбек заңнамасы шеңберінде жалақыны көтеру бойынша қызметкерлермен бірнеше рет уағдаласуға тырысқандарын айтады. Енді сотқа жүгінбек. Олардың айтуынша, наразы қызметкерлер кәсіпорынның беделін түсіру және залал келтіру мақсатында бірнеше рет және жүйелі түрде жалған ақпарат таратып, жала жапқан көрінеді.

"Жалған ақпарат таратқаны үшін сот органдарына тиісті талап-арызбен жүгінеміз. Солтүстік Қаражанбас кен орнындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 212 000 теңгені құрайды. Бұл ретте жалақы мөлшері әрбір қызметкердің біліктілігіне тікелей байланысты болады. Қазіргі уақытта оларды заңсыз жұмыстан шығару, ауыстыру немесе жұмыс беруші тарапынан қандай да бір қысым көрсету тұрғысынан бірде-бір өтініш қарауға берілген жоқ. Барлық даулар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес қатаң түрде шешіледі. Өйткені, бейбіт жолмен мәселеге нүкте қойылар емес. Кен орны аса қауіпті объектінің аумағы болып саналады. Өз вахтасында жұмысын аяқтағандар мен бөгде адамдардың қалуына жол берілмейді. 12 желтоқсанда жұмысын аяқтаған №1 вахта қалаға бару үшін берілген автобусқа мінуден бас тартты", - делінген кәсіпорын таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Phystech II АҚ қызметкерлері жалақыны 100% көтеруді талап етті. Түні бойы жұмыс істеген вахта кен орнының аумағынан тыс киіз үйде түнеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу