Маңғыстаудағы жолдарға 1700-ден аса тексеру жүргізілді

351

Өңірде жол жөндеу жұмыстарының сапасы тексерілді. 

Маңғыстаудағы жолдарға 1700-ден аса тексеру жүргізілді Фото: inbusiness.kz

Соңғы 4 жылда ұлттық орталық мамандары Маңғыстау жолдарына 1765 рет тексеру жүргізген. Автокөлік жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеуден өткен 200-ге жуық нысанда жол-жөндеу жұмыстарын қадағалады. 7 жарым мыңдай сынама алынып, 436 ақаулық табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бір айтып кетерлігі, алғашында жолдарда көптеген ақаулық анықталған болса, соңғы уақытта 30 пайызға дейін азайғаны байқалады. Яғни, мемлекеттік уәкілетті мекеме ұжымының арқасында өңірде жол салушы мердігер мекемелердің жауапкершілігі артқан. 

Маңғыстауда жол саласында кәсіби маман тапшы. Кейбір ауданда осы салада арнайы дипломы жоқ адамдардың қызметте жүргені анықталды. Олқылықты түзету үшін Ақтауда дәстүрлі түрде кәсіби біліктілікті арттыру семинары өтіп келеді.

“Маңғыстау облысында жол саласында маман тапшылығы бар. Осы мәселені шешу жолында ұлттық сапа орталығы әр жыл сайын арнайы семинар өткізеді. Оған мердігер мекемелерден, әкімдік қызметкерлерін шақырып оқытамыз. Автожолдарды жөндеу және қайта төсеу бойынша жаңа құрал-жабдықтарды соңғы технологияны пайдалануды үйретеміз. Жол құрылысы бойынша, қолданыстағы заңға енген өзгерістерді түсіндіреміз. Осындай шаралар облыс көлемінде жалғаса береді”, – дейді ҚР Көлік министрлігі ЖАҰСО МОФ директоры Хамзат Сұлтанов.

Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұханның айтуынша, жаңа техникалар шығуына байланысты оқу кезінде болған техникалар, СНИП-тер жаңарады. Техникалар да жаңарады. Соған сай жаңа техникаларды көзбен көріп, қалай жасайтынын анықтап жеткізіп жатыр.

Қазіргі таңда, Маңғыстау облысы жол жағдайымен көптеген аймақтарға үлгі. Өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 95 пайызды құрайды. Маңғыстау облысындағы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 3 мың 63 шақырым. Соның ішінде, республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1 мың 13 шақырым. Қалғаны жергілікті маңызға ие. Маңғыстаудың үстінен республикалық маңыздағы ұзындығы 576 шақырымдық "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау" автожолы, ұзындығы 229 шақырымдық "Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы" жолы, 59 шақырымдық "Ақтау-Құрық" жолы, 64 шақырымдық "Құрық-Жетібай" жолы және 85 шақырымдық "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы" автожолы өтеді.

Алдағы уақытта, облыс бойынша жергілікті маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 100 пайызға жеткізу күн тәртібінде тұр. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы атқарылуын ұлттық жол сапа орталығы Маңғыстау филиалының ұжымы бақылауына алмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу