Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында оттекті газдандыру стансасы салынып жатыр. Мердігер мекеме аурухана жанынан бой көтерген оттекті газдандыру стансасын он күн ішінде салып бітірмек.
"Мұнда 5 бөлімше бар. Терапия бөлімшесінде 14, жұқпалы аурулар бөлімшесінде 12, ал хирургия, балаларға арналған, әйелдерді босандыру бөлімшелерінде сегіз-сегізден төсек орынға оттегі жетіп тұрмақ, мүмкіндігінше оттегінің әр төсек орынға жетіп тұруын қамтамасыз етеміз", – дейді аудандық орталық аурухана директоры Гүлшара Бегниязова.
Сонымен қатар Жетібай ауылдық ауруханасының жанынан да осындай оттекті-газдандыру стансасының құрылысы басталды. Бұл стансалар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген қаражат есебінен салынуда және олардың індетке шалдыққан, тыныс алуы қиындаған науқастарды емдеуде көмегі ерекше деп есептеліп отыр.
Құралай Қуатова