Маңғыстаудың "Кешенді жоспардан" күтері көп

1056

Ол туризмді дамытып, әлеуметтік жағдайды арттыруды көздейді.

Маңғыстаудың "Кешенді жоспардан" күтері көп

Маңғыстау облысын дамытудың "2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары" бекітілді. Ол 214 шарадан тұрады және жалпы бюджеті 2,1 трлн теңгені құрайды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Кешенді жоспар 214 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде экономиканы дамыту аясында 87, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша 48, әлеуметтік сала мен экология бойынша 66, азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету бойынша 13 іс-шара қарастырылған. Жалпы бюджетінің 71 пайызын жеке инвестиция құрайды", – дейді Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Балжанов.

Белгілі болғандай, кешенді жоспар 60 мыңнан астам жұмыс орнын құру мүмкіндігін қарастырмақ.

Бұдан бөлек, құжатта 2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өнімінің көлемін 3,1 трлн теңгеден 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту, туризм саласында 2025 жылы өңірге келетін туристер санын 750 мыңға дейін арттыру, халықтың нақты ақшалай табысын 144,2 мың теңгеден 202,3 мың теңгеге дейін арттыру көзделген.

Ал жыл соңындағы бұған дейінгі қол жеткен көрсеткіштерге сүйенсек, биыл өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 3,3 пайызға артып, 166,3 млрд теңгені құраған. 

Оның ішінде, мұнай өнімдерін өндіру – 2,6 пайызға, фармацевтикалық өнімдер 26 пайызға, тамақ өнімдері 1,6 пайызға және минералды өнімдерді өндіру 13,3 пайызға өскен. Биыл бұл салада жалпы құны – 19,4 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба іске асырылуда екен.

Сондай-ақ өңірде 243,5 млрд теңгеге жуық қаржыға 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, оның ішінен қазіргі күні 15 жоба іске қосылған. Бұл жобалардың оны өңдеу өнеркәсібіне, 5 жоба – туризмге және қалғаны экономиканың басқа салаларына арналған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу