Маңғыстаудың Шетпе ауданында жаңа орталық ашылды

705

Онда тұрғындарды сүлікпен емдейді 

Маңғыстаудың Шетпе ауданында жаңа орталық ашылды

Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе селосында сүлікпен емдейтін орталық ашылды. Гирудотерапия әдісі сал ауруына шалдыққан ересектермен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға да қолданылады. Орталық отбасылық негізде ашылып отыр. Оның иесі, дәрігер Ерболат Құсымбаев былтыр "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 млн теңге грант ұтып алып, жобасын жүзеге асырады. 

"Ауданда бұрын-соңды сүлікпен емдеу әдісі қолданылған жоқ. Сүліктер Ресейден арнайы сулы шүберекке оралып, қалыпқа орналастырылып келеді. Суын күн сайын ауыстырып, емге пайдаланған соң, науқастың көзінше спиртке салып, жойып жібереміз", – дейді Ерболат Құсымбаев.

Ол ауданға жаңа әдісті алғаш рет алып келгенін айтады. Өйткені бұған дейін аудандағы жүріп-тұрудан қалған немесе қозғалысы ауырлаған науқастар Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларына жіберіліп келген. Айта кетейік, орталық заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Мәселен, орталықта церебальды сал ауруы бар науқастарға денесін тік ұстауына, аяғын қозғалтып, басын көтеруге ықпал ететін арнайы киім кигізеді. 

Бұдан бөлек, мекеме күнделікті емхана қызметін де қоса атқарып,  әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға тегін медициналық кеңес береді. Ерболат Құсымбаев келешекте тұзбен емдеу әдісін қолға алып, енгізгісі келеді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу