Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін

100

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлім етті.  

Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін Фото: aktau-tourist.kz

Президент бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілгенін, соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мысалы 14 жылда алғаш рет аса құнды "Хандар шежіресі" қолжазбасын ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" деректі мұралар тізіміне енгіздік.

Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде "Маңғыстаудың жерасты мешіттерін" ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады.

Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі көп жұмыс істелуге тиіс екенін, бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты. 

Сонымен қатар, елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес екені айтылды.

"Мысалы таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы "Вознесенск кафедралды шіркеуі" де – айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді.

Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді.

Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын

Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу