Маңғыстаудың жергілікті туристік фирмалары "ЭКСПО"-ға 12000 билет сатып алды

699

Маңғыстаудың жергілікті туристік фирмалары "ЭКСПО"-ға 12000 билет сатып алды

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов "ЭКСПО-2017" көрмесіне дайындық бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлады аймақ әкімдігі.

"Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің басталуына 64 күн қалды. Бұл Қазақстанның абыройын әлемдік аренада көрсететін біздің президентіміздің, халқымыздың жобасы. Көрме – еліміз бен аймағымыздың дамуының көрсеткіші, болашақта көркеюіміздің кепілі. Елбасымыз атап көрсеткендей, тек бәсекеге қабілетті елдер ғана көштен қалмайды, кейде оза жүреді. Біздің тапсырмамыз да осында. Мемлекеттік органдар үшін, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғам институттары үшін бірыңғай амал ойлап тауып, барлығымыз да сол іске қатысуымыз қажет, - деп атап өтті  облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Маңғыстау облысы туризм басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде аймақтағы 14 кәсіпорын  компания қаржысының есебінен "ЭКПО-2017"  көрмесіне қатысуға ниет білдірген. Көрмеге келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін Маңғыстау облысы атынан 50 ерікті іріктелген.  Жергілікті туристік фирмалар халықаралық көрмеге 12000 билет сатып алған. "Ақтау" сауда ойын-сауық кешенінде "ЭКСПО" билеттерін сататын кассалар орнатылған. Маңғыстау облысының тұрғындарын көрмеге тарту бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі мен "SKY WAY" туроператорларының арасында келісім жасалған.

"Маңғыстау облысы үшін 65000 адамға квота берілді, бұл шамамен облыс халқының 10%-ы. Соның 13 700-і оқушылар мен колледж студенттері. Жергілікті бюджет есебінен жағдайы төмен отбасылардан 1750 балаға, 378 мәдениет қызметкеріне және 50 еріктіге билет алып беру қарастырылды. Маңғыстау облысы атынан көрмеге баратын негізгі әлеуметтік және жас санатына: әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандар, мүгедектер мен зейнеткерлер кіреді", - деді Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу