"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқан "Малайзия-Қазақстан" бизнес форумында малайзиялық Reach Energy Berhad компаниясы мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында түсіністік туралы меморандум жасалды. Құжатқа Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Reach Energy Berhad компаниясының бас директоры Шахул Хамид Мохд қол қойды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Меморандумға сәйкес Reach Energy Berhad компаниясы алдағы жылдардың ішінде Маңғыстау облысының мұнай мен газ, инфрақұрылымдық жобалар, құрылыс электр энергетикасы, сумен қамтамасыз ету, туризм сынды салаларына малайзиялық компаниялардан 500 млн. доллардан бастап 1 млрд. долларға дейін инвестиция тартуға көмек көрсететін болады. Ал облыс әкімдігі болса өз тарабынан малайзиялық компанияға қол қойылған құжаттағы мақсаттарға жетуге қолдау жасап, инвестицияларды қорғау мәселесінде жәрдем береді.
"Бүгінгі меморандумға қол қою екі ел халқының әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы тағы бір маңызды кезеңі саналады. "ЭКСПО-2017" көрмесіне Малайзия үкіметінің 90-нан астам мүшесі мен жеке бизнес өкілдерінің қатысатындығын ескерсек, алдағы уақытта екі елдің компаниялары арасында өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумға қол қойылып, келісімшарттар жасалады деп ойлаймыз", - деді Малайзияның Халықаралық сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Ахмад Маслан.