Маңғыстаулық Адай жылқысы ұлттық брендке айналды

643

1400-ге жуық Адай жылқысының дерек-мәліметтері жинақталды.

Маңғыстаулық Адай жылқысы ұлттық брендке айналды   Фото: А. Садатқызы

Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Ташимовтың айтуынша, мәртебені ұсыну мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.

“1400-ге жуық Адай жылқысының дерек-мәліметтері жинақталды. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Содан соң, мемлекеттік комиссия адай жылқысының  тұқымы туралы патентті бекіту және алу үшін арнайы іс-шара ұйымдастырды. Аталған акт ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне және ҚР Әділет министрлігіне жолданды. Сондай-ақ, асыл тұқымды жылқыларға мәртебені беру шеңберінде бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссия өкілдерімен кездескен өңір басшысы  Нұрлан Ноғаев ауыл шаруашылығының дамуы мен өркендеуінің маңыздылығын атап өтіп, Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру өңір дамуына жаңа өзгерістер беретінін атап өтті”,- деді Қазбек Ташимов.

Айта кетейік, бұл іс-шаралардың барлығы Президенттің тікелей тапсырмаларының шеңберінде қолға алынып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Адай жылқысына дербес жылқы тұқымы мәртебесін беру үшін ауқымды жұмыстар атқарылған.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында Адай жылқысының қасиеттеріне айрықша тоқталып, оны ғылыми тұрғыда асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырған болатын.
 

"Осы тапсырманы орындау мақсатымен ғалымдардан, сала мамандарынан құралған арнаулы топ аса ауқымды жұмыстар жүргізіп, кеше ғана елімізде Адай жылқысының 6 түрі жаңа ұлттық бренд ретінде ресми тіркелді.

Бұл - Адай жылқысын халқымыздың бірегей бренді ретінде сақтап, санын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ", - деді Президенттің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу