Маңғыстаулық дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне күрделі ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды

172

Дәрігерлер екі сағаттың ішінде өмір мен өлім арасында жатқан ана мен ішіндегі баланы аман алып қалды. 

Маңғыстаулық дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне күрделі ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды Фото: Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында алғаш рет жүкті әйелге күрделі жүрек отасы жасалып, сәтті аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Үшінші сәбиіне аяғы ауыр, 28 жастағы Жаңаөзен тұрғыны шұғыл түрде санитарлық авиациямен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

Тексеру нәтижесінде науқасқа митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы, сондай-ақ өкпе гипертензиясы диагнозы қойылды.

Жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мамандарымен телемедицина арқылы кеңесе келе, ота Ақтауда жасалатын болды.

– Біз науқасқа митралды қақпақшасын ауыстыру операциясын жасадық. Басты мақсатымыз – ананы да, баланы да аман алып қалу. Мұндай оталар кезінде жүрек соғысы уақытша тоқтайды әрі қан сұйылтылады. Бұл құрсақтағы нәрестеге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әр қадамды аса мұқият жасадық. Ота кезінде акушер-гинекологтар жатырдағы баланың жағдайын үздіксіз бақылауда ұстады. Соның арқасында операция сәтті өтті, – дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жүрек-қан тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Құдабаев.

Операцияны кардиохирургтар Ағзам Алдашев пен Ербол Құдабаев жүргізді. Оларға акушер-гинеколог Юлия Досаханова, анестезиолог-реаниматологтар Бақытжан Балғалиев пен Мәулен Жұмаділлаев көмектесті.

Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Жүктілігі қалыпты жағдайда жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу