Маңғыстаулық кәсіпкерлер өзбек нарығына жол салмақ

892

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында Ақтау қаласындағы Өзбекстан республикасының Консулы Атабек Тұрсынбеков іскерлермен кездесті. ӨКП директоры Рашит Мұстапаев жиынға төрағалық етті.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер өзбек нарығына жол салмақ

Оның барысында бизнеске қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Екі ел арасындағы шекара ашылады. Осыған орай, тауар айналымы мен бизнес қарым-қатынасын нығайту көзделіп отыр. Маңғыстаулық кәсіпкерлер мақта-мата өнімдерін Өзбекстаннан алу бойынша ниет білдірді. Жеңіл өнеркәсіппен айналысатын іскерлерді көрпе-төсекке қажетті мақта, киім-кешек тігетін барқыт, шыт, мектеп формасына қажетті мата түрлерін алдыру жолдары қызықтырды. Түрлі фурнитураларға да сұраныс бар.

Өңірге белгілі кәсіпкер Әсел Жекенова "Дария" брендінің негізін қалаушы. Ол дизайнерлік киімдерін тігу үшін сапалы маталарды Түркия мен Қытайдан алдырып келеді.

"Кәсіп ашу туралы идея жүкті кезімде пайда болды. Ақтау қаласынан болашақ аналарға арналған әдемі әрі сапалы киімдер таба алмадым. Сосын Қазақстанда аяғы ауыр әйелдерге ерекше киім тігітін өнеркәсіпті қолға аламын деп шештім. Жауапты кезеңде аналар киімі табиғи матадан, ауа өткізетін әрі жеңіл болғаны абзал. Оны көрші елдерден тасымалдап келеміз. Карантин кезде өте қиын болды. Енді іргедегі Өзбекстаннан аса сапалы мата табуға болатыны қуантып отыр. Бізге тауар өндірушілермен кездесу ұйымдастырып берсеңіздер", – деді Әсел Жекенова.

Бұл ұсынысты Консул Атабек Тұрсынбеков қуана қабылдады. Екі жақты келіссөздерді өткізуге дайын екенін жеткізді.

"Біз Өзбекстанның Наманган, Хиуа сынды мата өндіретін қалаларының тауар өндірушілерімен онлайн кездесу өткізейік. Маталарының түрлері мен құрамы туралы ақпараттар топтасқан католог та алдырып береміз. Егер көзбен көреміз десеңіздер, іскерлік сапар ұйымдастыруға дайынбыз. Зауыттар мен өндіріс орнына шолу жасай аласыздар. Делдалсыз бағасын да қоясыздар, әрі жеткізу жолдарын талқылайсыздар", – деді Атабек Тұрсынбеков.

Басқосуда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев ортаға ой тастады.

"Менің ойымша, өзбек тарапынан Ақтаудан көтерме саудамен айналысатын орталық құру қажет. Онда мақта-мата өнімдерінің сан алуан түрін қоюға болады. Кәсіпкерлер өздеріне ұнаған затты көзбен көріп, қолмен ұстап таңдай алады. Бұл әдіс сәтті жүзеге асса, азық-түлік түрлерімен де толықтыруға болады. Сонда маңғыстаулық кәсіпкерлер тауар күтуге уақыт ұттырмай, осы шаһардан керегін алар еді", – деді Рашит Тұранұлы.  

Кездесу соңында жуық арада екі жақты кәсіпкерлердің онлайн кездесуі өтіп, экспорт мәселесі талқыланатын болып келісті. Маңғыстаулық кәсіпкерлер өзбек жерінде өтетін көрме, жәрмеңкелерге баруға да ниет білдірді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу