Авторлық тағамды әзірлеген – Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ірімшік негізінде дайындалған ерекше балмұздағы бүгінде сұранысқа ие өнімге айналып үлгерген. Ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған десерт көрме қонақтарының қызығушылығын оятты.
– TurkicSkills-2025 техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қатысушылары үшін зор мүмкіндіктер алаңына айналды. Мұнда қатысушылар өзінің үздік жобалары мен жетістіктерін таныстырып ғана қоймай, тәжірибе және білім алмасуға да бірегей мүмкіндік алды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова.
Көрме аясында Маңғыстау өңірінің гастрономиялық ерекшеліктері, шұбаттан жасалған коктейльдер, жантақпен қайнатылған шай, талқаннан жасалған макарон өнімдері, құрт пен шоколадтың үйлесімі, жент қосылған тәттілер, түйе сүтінен дайындалған балмұздақ, сары қант секілді ұлттық тағамдардың заманауи интерпретациялары кеңінен ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде туризм саласындағы студенттердің стартап жобалары да таныстырылды.
Еске салайық, кәсіби шеберлікке арналған халықаралық TurkicSkills-2025 чемпионаты Ақтау қаласында өтуде. Іс-шара "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында ұйымдастырылған. Чемпионатқа 16 мен 22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген 90-ға жуық жоғары білікті сарапшы қатысуда.