Маңғыстау облысында 4-сынып оқушысы сайыстан жеңіп алған 1 млн теңгесін мектебіне сыйлаған болатын. Алайда оның жеке өзіне тиесілі қаражат кері қайтарылмақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Маңғыстауда мектеп оқушысы республикалық әлеуметтік жобалар сайысында математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, 1 млн теңге ұтып алған болатын. Ол өзінің ұтысын мектебіне сыйға тартып, оған білім мекемесінің интерактивті тақта сатып алатыны хабарланған еді.
Кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова әлеуметтік желі арқылы оқушының ақшасы өзіне қайтарылатынын хабарлады.
"Оқушы жеңіп алған сыйақысын өзінің мектебіне интерактивті тақтаны сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның мейірімді жүрегі мен басқа да жағымды қасиеттерін көрсетеді. Бұл ретте интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуға тиіс. Әрине, балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын қолдау керек. Дегенмен бұл ондай жағдай емес. Заң бойынша мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде. Жергілікті атқарушы органдар қажетті жабдықтарды сатып алу үшін бюджет қаражатын бөледі", – деп жазды министрлік өкілі.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінің білім басқармасына зияткерлік конкурста жеңген ақшаны оқушыға қайтару және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қажетті құрал-жабдық сатып алу ұсынылған.
Айта кететіні, жеңімпаз баланың әрекеті қоғамда қызу талқыланып, екіұдай пікірлер туғызған. Соның ішінде оның өзінің адал еңбек, маңдай терімен ұтып алған ақшасын мектеп қажетіне жұмсамақ болған білім ошағы да үлкен сынның астында қалған еді.
Құралай Қуатова