Сарбаздың анасы ұлының әскери бөлімде әлімжеттікке ұшырап, соның салдарынан психиатриялық клиникаға жатқызылғанына шағымданған, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, әскери қызметшінің анасының видеоүндеуі бойынша Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
Сондай-ақ, "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының офицерлерінен жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс тағайындалды. Құрлық әскерлері ананың әскери қызметшінің үстінен физикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық жасалды деген мәлімдемелерін тексергенін атап өтті.
– Куәгерлердің түсініктемелері бойынша, әскери қызметшіге қатысты физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетілгенін дәлелдейтін деректер анықталған жоқ. Оған қатысты соққыға жығу немесе сексуалдық сипаттағы зорлық фактілерін растайтын адамдар табылған жоқ. Бақылау камераларының барлығы тергеу органдарының қызметкерлері тарапынан қаралып шықты, әскери тәртіп бұзушылықтар немесе құқықбұзушылық фактілері тіркелген жоқ, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Құрлық әскерлері әскери қызметшінің өзі берген түсініктемелерінің бірнеше рет өзгергенін, ал ол келтірген уәждердің бір-біріне қайшы келіп, түрлі нұсқалар ұсынғанын хабарлады.
Айта кетейік, Бейнеу ауданындағы № 99116 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алып жатыр.
Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, баласы әскерге барған күннен бастап қысым көрген. Әлімжеттікке шыдамай бірнеше рет өзіне қол салмақ болған.