Маңғыстаулық шаруалар жем-шөппен қамтылып жатыр

989

Ол үшін көршілес аймақтар мен "Каспий" ӘКК көмектеспек.

Маңғыстаулық шаруалар жем-шөппен қамтылып жатыр

Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларды жем-шөппен қамту ісі жалғасуда. Өңірге қиын-қыстау кезде өзге облыстар мал азығымен көмектесіп, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Бұл жөнінде "Nur Otan" партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы аграрлық сектордың дамуы жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім болды, деп жазады inbusiness. kz тілшісі.

"Шілденің 7-сі күнгі мәліметке сәйкес, облыс бойынша аштықтан 1155 мал басының өлімі тіркелген. Өз өңірімізде жыл басынан бері 402 тоннадай шөп шабылды, ал 15 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін басқа облыс аумақтарынан 85391 тук шөп, 5750 тук жоңышқа және 1564 рулон шөп келді. Сонымен қатар, облысты нарықтық бағадан төмен жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат көзі бөлінді. Жыл аяғына дейін кемінде ай сайын 3000 тонна шөп облысымызға келетін болады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 637 тонна арпа сатып алынды, ол облысқа 19 маусымнан бастап келіп жатыр", - деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасынан.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың айтуынша, қазірге дейін 592 тонна арпа қала мен аудандарда сатылып, 45 тоннасы сатылып жатыр.  

Маңғыстау облысына белсенді көмектесіп жатқан өңірдің бірі – Ақтөбе облысы. Аталған облыстың әкімдігімен уақытша жайылымдар беру, шөп дайындау, тасымалдау жұмыстарына жәрдемдесу жөнінде меморандум жасалған. Ол бойынша шаруашылықтарға көмектің екі түрі қарастырылған, яғни, маңғыстаулықтар жиналған шөпті алып кетем десе, бұл жақтан тиеп береді; егер жеткізіп беретін болса Маңғыстау жағы тасымалдау құнын көтеріп алады.

Сондай-ақ, қазіргі күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы "Жамансор" жерінен де маңғыстаулық мал иелері шөп шауып алып жатыр. Сол сияқты, алдағы уақытта Маңғыстау облыстық әкімдігімен арадағы келісімге сәйкес, "Каспий" ӘКК аудандарға нарықтағы бағадан төмен бағаға жем-шөп жеткізіп бермек. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу