Бұл үшін Облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасы бойынша қор жанынан 5 адамнан тұратын қамқоршылық кеңесі құрылды. Оның құрамына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Жармағамбет Айтуаров, Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл, Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты Римма Өтесбаева сонымен қатар "Казимпэкс-Ақтау" қорының басшысы Дайрабай Үсіпбаев енді.
Естеріңізге салайық, бұған дейін "Казимпекс-Ақтау" қорына Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің жанашыр азаматтары ақша аударды.
Бүгінге дейін қайырымдылық қорына 43 089 300 теңге түсті. Оның 2 256 810 теңгесі Батыс Қазақстан, Атырау және Алматы облыстарынан 24 вагон шөп жеткізу барысында жол ақысына берілді. Қалған қаржыға өңірлерден жем сатып алу жоспарланып отыр.
"Осыған дейін Қостанай облысынан 290 тонна кебек сатып алуға 27 144 000
теңге жұмсалды. Қостанайда бір келі кебек 83 теңге тұрады. Бұған темір жол шығынын қосқанда Маңғыстауға кебек 94 теңгемен жеткізіледі. Қазір Маңғыстау облысында жалпы сатылымдағы 1 келі кебектің орташа бағасы 110 теңге. Жеткізілген мал азығы 20% жеңілдікпен сатылады. Бұл іс қордағы қаражат таусылғанға дейін жалғаса береді. Қазір қорда 13 688 490 теңге бар", – деп нақтылады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қанат Махамбет