Маңғыстаулық такси жүргізушілері тегін қызмет етуде

248

Қазір Құлсарыдан Маңғыстауға эвакуацияланған халық саны 20 мыңнан асты.

Маңғыстаулық такси жүргізушілері тегін қызмет етуде Фото: Тасым Жаңай

Маңғыстаулық такси жүргізушілері эвакуация аумағынан халықты тегін тасып жүр. Былай күндері әр адамды 8 мыңға әкелетін жүргізушілер қиын кезде ақы алудан бас тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Такси жүргізушілері Құлсарыдан Ақтауға дейін 900 шақырымды артқа тастап жетуде. Әр автокөлік 7 адамдық. Көбіне сырқат жандарды, балалар мен әйелдерді тасымалдап жатыр. Қуандық Байдуллаев халықтың жанайқайын естігенде шыдап отыра алмадық дейді. Қиын-қыстау кезде көмек беру-азаматтық борышымыз деп санайды. 

"Қара халықтың дауысы жетті. Көмектесіңдер деген соң ести сала отыра алмадық. Майкөмген деген жерге тамақ жетпей қалған екен, тамақ таратып, әрі қарай Құлсары мекеніне бардық. Әр қазақ менің жалғызым", - дейді ол. 

Оларға кәсіпкерлер газ, жанар жағар майды тегін құйып беріп, қолдап отырған. Жол бойы Шетпе, Жармыш, Бейнеу, Құлсары асханалары да тегін ас-сумен қамтып, жолға салып жібірген. Сөйтіп жұдырықтай жұмылып, шаруа көппен бітіп жатыр.  

"Жолға қалай ақша табамыз деп ойладық. Келе жатқанда тегін апарамыз деді. Қуанып кеттік. Сонымен қиналмай келдік. Машина тауып беріп, Опорный, одан әрі Бейнеуге дейін такси тауып берді. Ақтауға да оңай жеттік. Мында келгенде құшақ жайып қарсы алды. Тамақтары жақсы, бәрі жақсы", - дейді құлсарылық тұрғындар.

Қазір Маңғыстаудан жиналып жатқан гуманитарлық көмек толастаған жоқ. Құлсарыны көзбен көріп, керек-жарақтың тізімін жасақтап келген еріктілер күрек, қап, тұрмыстық заттар, азық-түлік тасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу