Қала көшелерінде, орталықтарға қойылған өзге автоматтардан ерекшелігі – сыртқы қалыбын ұлттық ою-өрнекпен көмкеріп, қазақ тілінде сөйлеткен. Көзге тартымды дизайнмен жасалған құрылғының дисплейі де ауқымды, әрі түрлі түске өзгеріп отырады. Тағы бір артықшылығы автоматты қолдануда QR жүйесі арқылы төлем жасауға болады.
IT саласында білім алып, кәсібіне айналдырған жастар бұл жобаны қолдауымен жүзеге асырып отыр. Олардың негізгі мақсаты – қазақи нақышта әр түрлі автоматтандырылған құрылғы, аспаптарды ойлап тауып, отандық өнім ретінде нарыққа ұсыну.
"2022 жылдың қаңтар айынан бастап IT компаниясы ашылды. Оның негізін қалаушы ретінде бірнеше азамат біріктік. Бұл компания инжиниринг және бағдарламалаудағы мүмкіндіктерді қолдана отырып, кәсіпкерлердің немесе қарапайым халықтың мәселесін шешуді көздейді. Ақтау қаласы, Маңғыстау облысының әл-ауқатын жақсарту. Біздің ең алғашқы жобамыз – Найза. Күш сынағыш ойын автоматы. Адамдардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, нарыққа тезірек жол ашуды көздедік", – дейді ІТ маманы Рамазан Қойшыбаев.
Креативті жастар тағы бір үлкен жобаны қолға алмақ. Өңірдегі сал ауруымен ауыратын балалардың көп екендігін ескеріп, кезек күтіп, әуре сарсаңға түспесін деген ниетпен тренажерлер құрастыруды жөн деп санайды.
Тасым Жаңай