Маңғыстаулықтар барлық ауданға жайлы автобустармен қатынамақ

494

Жол жүру құны - 300 теңге мен 2000 теңге аралығында.   

Маңғыстаулықтар барлық ауданға жайлы автобустармен қатынамақ Фото: А.Садатқызы

Бұрын тек таксимен қатынап келген көпшілікті жағымды жаңалық қуантып тастады.    

"Осы уақытқа дейін тапсырыспен такси шақыратынбыз. Мереке күндері немесе ауа райы қолайсыз кезде, сәл кешігіп шықсақ бағасы шарықтап шыға келеді. Енді автобустың уақытына қарай стансаға жиналамыз. Бізге өте қолайлы. Қуаныштымыз", - дейді жолаушылар. 

Ақтау қаласынан барлық ауданға қатынайтын жайлы автобустар берілді. Маңғыстау облысының автопаркі қайта жаңартылды. 10 экологиялық таза және жайлы автобустар қатынай бастайды. Бұл бастама көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға, сұйытылған газды тұтыну жүктемесін азайтуға бағытталған.

Жаңа автобустар 53 орынға арналған және кондиционер жүйесі, қауіпсіздік камералары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған аппарель, метан қозғалтқыш және GPS жүйесі сияқты барлық қажетті құралдармен жабдықталған.

Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін технопарк аумағында орналасқан алғашқы метан газ станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, паркте маршруттарды бақылауға және автобустардың ішкі бейнежазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар.

"Автобус паркін жаңарту процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдымен 120 автобус сатып алынды, олардың 70 - і қалаішілік көлік қызметін көрсетуге арналса, қалған 50 - і облыс орталығы мен Мұнайлы ауданы арасында ыңғайлы тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, 2024 жылы қосымша 100 заманауи автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және кеңейтуге ықпал жасайды"- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Мәселен, облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Ақтаудан Құрық ауылына дейінгі жол жүру құны бір адамға 300 теңгені болса, такси құны бір адамға орташа есеппен 1300 теңгені құрайды.

Жаңа автобустардағы жол жүру ақысы жол қашықтығына байланысты әртүрлі:

  • "Ақтау-Жетібай-Ақтау" - 400 теңге;
  • "Ақтау-Форт-Шевченко-Ақтау" - 500 теңге;
  • "Ақтау-Шетпе-Ақтау" - 700 теңге;
  • "Ақтау-Бейнеу-Ақтау" - 2000 теңге.

Автобустағы бос орындарды қарау және билет сатып алу үшін 31А шағынауда "Сары базарда" орналасқан мобильді павильонға бару керек. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жақын арада электрондық жол жүру билеттерін сату ұйымдастырылмақ.                                                                                                                                                                                      

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу