4 қараша Қазақстан Ұлттық Банкі "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" монеталар сериясынан MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық банк таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
"Монета Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай шығарылды. Монета бет жағының (аверсінің) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы, оның сол жағы мен оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген. Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуы бар.Монета сырт жағының (реверсінің) орталық бөлігінде Мәншүктің мүсіндік портреті, оның сол жағында – КСРО Батырының алтын жұлдызы, сондай-ақ туған жылы мен мерейтойлық күнді білдіретін "1922" және "2022" деген жазулар бар. Оң жағында Мәншүк Мәметова ерлік жасап, қаза болған "НЕВЕЛЬ" қаласының картасы мен жазуының стильдендірілген бейнесі берілген. Монетаның жоғарғы бөлігінде "Кеңес Одағының Батыры" деген жоғары мемлекеттік наградасына ұсыну анықтамасының айшықты мәтіні басылған", - делінген хабарламада.
Коллекциялық монеталары brilliant uncirculated сапасында мельхиор қоспасынан тұрады, массасы – 15 грамм, таралымы – 15 000 дана.
Қазақстанның теңге сарайында жасалған коллекциялық монеталар белгіленген құны бойынша төлем құралы ретінде ел аумағында, барлық банктерде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға міндетті.