Марафон ұйымдастырып, салық төлеуден жалтарған блогер 6 жылға сотталуы мүмкін

278

Айыптау тарапы блогердің кінәсі толық дәлелденді деп отыр.

Марафон ұйымдастырып, салық төлеуден жалтарған блогер 6 жылға сотталуы мүмкін Фото: Вадим Тараканов / ТАСС

Ресейде мемлекеттік айыптаушылар блогер және "Тілектер марафонының" авторы Елена Блиновскаяға салық төлеуден жалтарғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап. 

"Тараптардың жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушылар Блиновскаяны алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді және жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеуді ұсынды", – деп хабарлады Мәскеу аудандық соты. 

Бұдан басқа прокурорлар блогерге 1,5 миллион рубль көлемінде айыппұл салуды және 5 жылға коммерциялық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған. Айыптаушылар Блиновскаяның кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.

Енді блогердің қорғаушылары өз ұстанымын білдіруі тиіс. Содан кейін Елена Блиновская сотта соңғы сөзін айтады деп күтіліп отыр.

Ресейлік блогерге салық төлеуден жалтарды, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып, заңсыз төлем құралдарын айналымға енгізді деген айып тағылған.

Тергеу нұсқасы бойынша Блиновская күйеуінің көмегімен 906 млн рубль салық төлеуден жалтарған, оның ішінде 706 млн рубль кейін заңдастырылған. 

Блогердің жер учаскелері, элиталық жылжымайтын мүлкіне және премиум санатты көліктеріне арест салынды.

Елена Блиновская – Ресейдің танымал блогері және әлеуметтік желідегі марафон авторы. Ол 2023 жылдың 27 сәуірінде шетелге кетпек болған жерінен тұтқындалған. Басында үй қамауында отырған блогер 2024 жылдың қаңтарында тергеу изоляторына қамалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу