Марафоншы Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды

504

Жыланбаев шетелде жасырынып жүрген "ҚДТ" штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласқан.

Марафоншы Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды Фото: Зульфия Байнекеева

Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландырғаны, сондай-ақ оның қызметіне қатысқаны үшін Жыланбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Соттың мәліметінше, сотталушы ҚР аумағында тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының (бұдан әрі – ҚДТ) жақтаушысы бола отырып, ҚДТ көшбасшысымен және оның шетелдік штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту мақсатын көздейтін тапсырмалар мен нұсқаулар алған.

Атап айтқанда, Жыланбаев шетелде жасырынып жүрген "ҚДТ" штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласып, экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра, қаржылық, ақпараттық және өзге де қызметтерді ұйымдастырған.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады (ҚК-нің 405 – бабының 2-бөлігі бойынша 2 жылға, 258-бабының 2-бөлігі бойынша – 10 жылға бас бостандығынан айыру).

Сот үкімімен Жыланбаев ҚК-нің 258-бабы 2-бөлігінде және 405-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды.

Сот жас баланың болуын және сотталушының бұрын-соңды сотталмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу