Маралды көлінің турістік әлеуетіне жауапты бірлескен компания құрылды

1117

Павлодар өңірінде Маралды курорттық аймағын дамытуға көмектесетін инвестор табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы рavlodarnews.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап. 

Маралды көлінің турістік әлеуетіне жауапты бірлескен компания құрылды

Нақтырақ айтқанда, "Павлодар" ӘКК Маралды көлінің маңында курорттық аймақты дамыту бойынша серіктес компания тапқан. Әңгіме бірлескен "Саят-Павлодар" ЖШС жайлы болып отыр. 

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның төрағасы Мейрам Өтешов "Кім жауап береді?" Instagram-жобасына берген сұхбатында осы жөнінде толығырақ айтып өткен.

"Компания туризм саласында жұмыс істейді. Яғни бұл мәселелерге мамандандырылған, туристік қызметке лицензиясы бар. Павлодар облысының нарығында шамамен 20 жыл жұмыс істеп келеді. ӘКК өз тарапынан жарғылық капиталды 30 миллион теңгеге толықтырды. Сонымен бірге серіктес те өз үлесін толықтырады. Жоба 2021-2023 жылдарға жоспарланған. Биылғы міндет - демалушыларға барынша жағдай жасау", - дейді Мейрам Өтешов.

ӘКК алдағы туристік маусымда көлге демалуға қажетті инфрақұрылым элементтері орнатылатынын және халықтың қауіпсіздігі мәселелері шешілетіндігін айтады. Демалыс аймағы ақылы болады. Бірақ бағасы әлі жарияланған жоқ. 

"Павлодар" ӘКК басшысы Мейрам Өтешовтің  сөзіне сүйенсек, ондағы баға Павлодар облысындағы басқа демалыс орындарындағы деңгейде болады. Қазіргі серіктес тек туристік аймақты дамытады. Артемия салина шаяндарын өндірумен айналыспайды.

Бұған дейін Шарбақты ауданының әкімі Маралды көліндегі демалыс орны қалпына келтірілетінін айтқан болатын. Жалпы 2023 жылға қарай  Маралдыға келетін туристер санын жылына 150 мыңға дейін жеткізу ісі жоспарланған.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу